Хат алмасуда – оңай табыс табу туралы уәде, банк шотында – бейтаныс адамдардан түскен ақша. Қаржылық алаяқтық схемасын ұйымдастырушылар жалған есімдердің артында жасырынуы мүмкін. Алайда ұрланған қаражат аударылатын банк шоты нақты адамның атына тіркеледі.
Ақша қозғалысы алаяқтық қылмыстарды тергеудегі маңызды бағыттардың бірі саналады. Полицейлер жәбірленушінің қаражаты қайда аударылғанын, алушы шотының кімге тиесілі екенін және ақшаның одан әрі қайда жіберілгенін анықтайды. Банк аударымдарын, шот иелері туралы мәліметтерді және өзге де материалдарды талдау арқылы қаржылық тізбекке қатысы бар адамдарды табады.
Дегенмен банк шотының кімнің атына тіркелгені істің барлық мән-жайын ашуға жеткіліксіз. Тергеу барысында шотты іс жүзінде кім пайдаланғаны, оған қандай жағдайда қол жеткізгені және шот иесінің әрекеттегі рөлі анықталады. Осы мақсатта банк карталарын беру жағдайлары, қосымша табыс туралы хат-хабарлар, сыйақы алу және басқа да деректер тексеріледі.
Абай облысы полиция департаменті әзірлеген әлеуметтік бейнероликте осы мәселе көтерілген. Ондағы басты ескерту – өз шоты арқылы бөтен ақшаны қабылдап, оны басқа адамдарға сыйақы үшін аудару қылмыстық схемаға қатысуға әкелуі мүмкін.
Полицейлер бөгде адамдардың өтінішімен банк картасын рәсімдеуге, банк қосымшасына қолжетімділікті беруге немесе сыйақы үшін ақша аударуға келіспеуге шақырады. «Қосымша табыс» ретінде ұсынылған мұндай әрекеттердің артында ұрланған қаражатты аудару схемасы тұруы мүмкін.
– Егер банк шотыңызға немесе картаңызға бөгде адамдардың қол жеткізгенін байқасаңыз, дереу банкке хабарласып, полицияға 102 нөмірі арқылы мәлімдеу қажет, – деп жазды Polisia.kz.
Айта кетейік, бұған дейін Таразда TikTok үшін тротуармен жүрген жүргізуші жазаланғанын хабарладық.