Абай облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы шеңберінде қоғамдық тәртіпті нығайту, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және елді мекендердің санитарлық ахуалын жақсарту бағытында кешенді әрі ауқымды жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асырылып жатыр.
2026 жылдың басынан бері өңір аумағында жалпы саны 7368 құқықбұзушылық дерегінің жолы кесілді. Оның ішінде:
- ортақ пайдаланылатын орындарды ластау фактілері бойынша — 601 дерек;
- елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзу, инфрақұрылым нысандарын бүлдіру және жасыл желектерге зақым келтіру сынды экологиялық талаптарға қайшы әрекеттер бойынша — 6797 дерек.
Құқықбұзушылықтарды анықтау және алдын алу шаралары тек дәстүрлі бақылау тетіктерімен шектелмей, заманауи дрон технологияларын қолдану арқылы да жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде бақылау тиімділігін арттырып, жедел әрекет етуге мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар, өңірде профилактикалық жұмыстарға ерекше көңіл бөлініп отыр. Полиция қызметкерлері тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар өткізіп, мониторинг жүргізу арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жүйелі шараларды іске асырып жатыр.
— Қоғамдық сананы қалыптастыру мақсатында санитарлық талаптарды сақтау, қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз ету және экологиялық жауапкершілікті арттыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Бұл бастамалар азаматтардың табиғатқа ұқыпты көзқарасын қалыптастырып, экологиялық мәдениетті дамытуға қызмет етеді, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Бұған дейін «Таза Қазақстан» акция аясында СҚО-да прокуратура экологиялық заңбұзушылықтарды анықтағанын жаздық.