Абай облысында ерекше күтімді қажет ететін балаларға 100-ден астам рет зорлық-зомбылық жасалған

АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысының Аягөз ауданындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында ерекше күтімді қажет ететін балаларға жүйелі түрде физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық көрсетілген. Прокуратура тексеру барысында 100-ден астам деректі анықтады.

Фото: freepik.com

Балалардың құқықтарын қорғау мақсатында облыс прокуратурасы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарын тексеруге кірісті.

Аягөз ауданындағы мекемені тексеру кезінде санитарлардың тәрбиеленушілердің дәрменсіз күйін пайдаланып, оларға күш көрсетіп, психологиялық қысым жасағаны анықталды.

Сонымен қатар прокуратура мекеменің кейбір қызметкерлері заңсыз әрекеттерді көре тұра, олардың жолын кесуге ешқандай шара қолданбағанын әшкереледі.

— Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 140-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, — делінген хабарламада.

Тәрбиеленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін іске қатысы бар адамдар қызметтік міндеттерін атқарудан шеттетіліп, олардың балалармен байланысуына шектеу қойылды.

Прокуратураның мәліметінше, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы тексеру шаралары жалғасып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға көмек көрсету кабинеттері ашылатынын хабарлағанбыз.