Абай облысында кәсіпкерлік үшін несие рәсімдеп берем деген алаяқ ұсталды

Фото: Абай облысы ПД

АСТАНА. KAZINFORM — Аягөз ауданының полициясына 59 жастағы жергілікті тұрғын алаяқтық фактісі бойынша арызмен жүгінді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Арызданушының айтуынша, 2025 жылдың қазан айында танысы — Жетісу облысының 39 жастағы тұрғыны «жеке кәсіп ашуға көмектесемін» деген сылтаумен оның жеке деректерін пайдаланып, 2 миллион теңге несие рәсімдеп алған.

Одан кейін күдікті 1 000 000 теңгені өз жеке шотына аударып, арызданушыға 1 000 000 теңге материалдық залал келтірген. Сотқа дейінгі тергеу барысында дәлелдік мәні бар материалдар, соның ішінде несие тарихы алынған.

— Күдікті өз кінәсін мойындады. Алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктіге қатысты процессуалдық міндет — міндетті түрде келу түріндегі шара қолданылды, — делінген хабарламада. 

Полиция азаматтарға жеке және банктік деректеріңізді үшінші тұлғаларға бермеуге ескертеді, кез келген қаржылық операцияларды тек өзіңіз жасап, ресми арналар арқылы жүргізіңіз.

Осыған дейін өскемендік әйел алаяқтарға ақша аударайын деп жатқан 79-дағы әжені тоқтатқанын жазған болатынбыз.