Абай облысында қауіпті видео түсірген жүргізуші мен жолаушы жауапқа тартылды

АСТАНА. KAZINFORM – Абай облысында қозғалыстағы көліктен денесін шығарып, қауіпті видео түсіргендер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды полиция департаменті.

Фото: Видеодан алынған скрин

Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында қозғалыс кезінде жеңіл автокөліктің терезесінен денесін шығарып, қолына гүл себетін ұстаған жолаушы қыз бейнеленген видеоны анықтады.

Тексеру нәтижесінде көлік жүргізушісі мен жолаушының жеке басы анықталды.

– 20 жастағы жүргізуші жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанып жасалғандықтан, іс материалы сотқа жолданды, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ 21 жастағы жолаушы қыз да қозғалыс кезінде көлік терезесінен денесін шығарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның флорист болып жұмыс істейтіні белгілі болды.

Полиция азаматтарды кез келген жағдайда жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және қауіпсіздік талаптарына жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Айта кетейік, Қызылордада жол ережесін өрескел бұзудың 1300-ден астам дерегі тіркелді.