Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 13 шілде күні таңғы сағат 06:00 шамасында Бородулиха ауылында жергілікті тұрғын өз үйінің маңынан пышақ жарақаттары бар бойжеткеннің мәйітін тапқан.
- Аталған дерек бойынша адам өлтіру фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктінің кім екенін анықтап, ауданның 20 жастағы тұрғынын қолға түсірді. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Тергеудің алдын ала мәліметінше, күдікті мен марқұм бір-бірін таныған. Олардың арасында жанжал шыққан.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Еске салсақ, осыған дейін Атырауда әйелін қызының көзінше пышақтап өлтірген зейнеткер 15 жылға сотталғаны хабарланған.