Абай облысында мас ветеринар ит аулау кезінде қатыгездік көрсеткен
АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысының полициясы жануарларға қатыгездік танытқаны үшін ветеринариялық қызметкерді жауапкершілікке тартты.
Ведомство мәліметінше, 2026 жылғы 19 ақпанда «102» арнасы арқылы полицияға тұрғындардан иттерді ату фактісі туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел түрде барды. Жүргізілген тексеру барысында оқиғаға қатысы бар тұлға анықталды.
— Ол — Абай облысы Ветеринария басқармасының жануарларды аулау, уақытша ұстау және жою қызметінің 58 жастағы қызметкері. Анықталғандай, ер адам азаматтардың өтініші бойынша келген. Алайда жануарларды аулау барысында жануарларға жауапты әрі ізгілікпен қарау туралы заңнама талаптарын бұзған. Сонымен қатар, ол қоғамдық орында мас күйінде болған. Аталған құқық бұзушылықтар бойынша азамат жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнаманы бұзғаны және қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — делінген хабарламада.
Абай облысы Полиция департаменті жануарларға қатысты кез келген заңсыз әрекеттер тұрақты бақылауда екенін және қолданыстағы заңнама аясында қағидатты құқықтық баға берілетінін атап өтті.
Бұдан бұрын күшіктерге қатыгездік танытқан семейлік жауапкершілікке тартылғанын жазғанбыз.