СЕМЕЙ.KAZINFORM – Абай облысы Аягөз аудандық мәслихатының «АMANAT» партиясынан сайланған депутаты, «ҚТЖ – жүк тасымалы» АҚ-на қарасты жергілікті теміржол депосының бастығы Алмас Жанатқалиевке қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Алдын ала мәлімет бойынша, ол ірі көлемдегі қаражатты жымқырды деген күдікке ілінген. Келтірілген шығын мөлшері шамамен 300 млн теңге.
Бұл ақпаратты Абай облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті растады.
– Қазіргі уақытта іс департаментте қаралып жатыр. Тергеудің мүддесі мен объективтілігін сақтау мақсатында басқа мәліметтер әзірге жария етілмейді, – делінген хабарламада.
Еске салсақ, Ақтөбе облысында шенеунік пен депутаттар 672 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінгені хабарланған.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.