Абай облысында медициналық жабдықтарға қатысты заң бұзу анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік бақылау аясында Абай облысындағы аудандық ауруханалардың бірінде жүргізілген тексеріс кезінде мамандар міндетті тексерістен өтпеген өлшеу құралдарының қолданылғанын анықтады.
Бұл — өлшемдердің дәлдігін қамтамасыз ету және денсаулық сақтау саласындағы талаптарды өрескел бұзу болып саналады.
— Медициналық жабдықты тексеру науқастардың қауіпсіздігі мен өлшеулердің дәлдігін қамтамасыз ететін аса маңызды рәсім. Бұл процедура термометрлер, тонометрлер, УЗИ аппараттары және басқа да диагностикалық құрылғылар секілді кең ауқымды құралдарды қамтиды. Тексеру барысында жабдықтың метрологиялық сипаттамалары мен қолдануға жарамдылығы анықталады, — делінген Техникалық реттеу және метрология комитеті хабарламасында.
Нұсқаманың орындалу фактісін тексеру кезінде мекеме заң бұзуды жою үшін нақты шаралар қабылдамағаны, оның орнына жалған салыстырып тексеру сертификаттарын ұсынғаны анықталды.
Сот аурухананы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Заң бұзуды жоюға жаңа нұсқама берілді. Бұрмалау фактілері бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді.
Айта кетелік елде биологиялық белсенді қоспалардың айналымын бақылау күшейтілді.