Абай облысында есірткі таратушылардан құны 20 млн теңгеден асатын мефедрон тәркіленді

Фото: Абай облысының полиция департаменті

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында полиция қызметкерлері мефедрон жеткізумен айналысқан екі адамды қолға түсірді.

Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, Семей қаласында полицейлер салмағы 500 грамнан астам психотроптық зат – «мефедронды» тәркіледі. Бұл шамамен 1 500 бір реттік дозаға тең. Оның қара нарықтағы құны 20 млн теңгеден асады.

- Есірткі саудасымен айналысқан 26 және 28 жастағы екі ер адам ұсталды. Олар интернет-дүкен арқылы өздеріне клиент тауып отырған, - делінген ақпаратта.

Осылайша, есірткі арнасы жойылды. Тәркіленген есірткі жыл көлемінде Абай облысындағы ең ірі есірткі партиясы болып отыр.

Еске салсақ, осыған дейін Жамбыл облысында шөп астынан 100 келі марихуана табылғаны хабарланған.