Ералы Ибраев көпбейінді қазақ мектеп-гимназиясының 8А сыныбында оқиды. Көру қабілеті нашар адамдарға жәрдем еткісі келген жас өнертапқыш арнайы датчиктері бар таяқ жасап шығуға бел байлаған.
«Шәкіртіміз осындай ұсынысымен бізге келді. Оның бастамасын бірден қолдадық. Сөйтіп, Ералы, мен және тағы бір мұғалім Арайлым Ысқақова үшеуміз бірігіп жұмысқа кірістік», - дейді Алтынай Әбілқасымқызы.
Оның айтуынша, «Электронды жетекші» деп аталған жобаны іске асыруға 2 ай уақыт кетіпті. Соның нәтижесінде, зағип жандарға арналған ерекше таяқ жасалып шықты.
«Бұл құрылғы негізінен «Arduino» платасынан, ультрадыбыстық және зуммер датчиктері мен батареядан тұрады. Осы датчиктерді бір-бірімен байланыстырып, жасадым. Ұстаздарым «С » бағдарламасында программасын құруға көмектесті. Құрылғыны қолға алған зағип жандар алдағы кедергілер туралы ескертіліп, соғылып қалмайды», - дейді Ералы.
Өз сөзінде ол құрылғының жасалу барысын да айтып берді. Ең әуелі «Arduino» платасы мен ультродыбыстық датчик арасында байланыс болу үшін екеуін сымдар арқылы жалғаған. Ол кедергілерді көруге мүмкіндік береді. Келесіде соғылып қалу қаупін ескерту мақсатында дыбыс шығаратын зуммер датчигі қосылған. Қуат беріп отыратын батарея салынды. Содан кейін компьютерде «Arduino» қосылып, «C » тілінде программасы жазылды. Компьютер мен жасалған машина USB шнурмен жалғанып, жазылған программа электронды жетекшіге жүктелді.
«Заманауи таяқтың басқа да мүмкіндіктері бар. Мәселен, құрылғыны зуммер датчигі арқылы дыбыстық нұсқаулар беретін және пайдаланушыға қажетті орынды табуға көмектесетін мобильді қолданбаларға, смартфондарға байланыстыруға болады. Одан кейін таяқ объектілерді де таниды. Компьютерлік көру технологиясы қоршаған ортадағы түрлі нысандарды анықтауға көмектеседі», - дейді жас өнертапқыш.
Алдағы уақытта зағип жандарға арналған заманауи таяқты сатылымға шығару жоспарланып отыр.
«Бірақ ол үшін құрылғыға әлі де толықтырулар енгізуіміз керек. Қазір көзі нашар көретін көп адамның құлағы да естімей жатады. Сондықтан вибрациялық датчик, зағип жанды үйден бақылап отыру үшін камера, GPS навигатор қойсақ деген ойларымыз бар», - дейді информатика пәнінің мұғалімі Арайлым Ысқақова.