Абай облысында өртпен күреске 180 адам мен 26 техника жұмылдырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысының Көкпекті ауданында үш учаскедегі өртпен күрес жалғасып жатыр.

Фото: Экология министрлігі

Оқиға орнында ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың шамамен 180 адамы және 26 техникасы жұмыс істеуде. Сондай-ақ су төгетін құрылғымен жабдықталған ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» тікұшағы жұмылдырылды. Әуе кемесімен жалпы көлемі 66 тонна болатын 22 рет су төгілді.

Өртті сөндіру жұмыстарына қатты жел, жер бедерінің күрделілігі және құрғақ өсімдіктер кедергі келтіріп жатыр. Құтқарушылар мен жұмылдырылған күштер жекелеген өрт ошақтарын сөндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіліп, өрттің одан әрі таралуына жол бермеу шаралары қабылданып жатыр. Жағдай ТЖМ бақылауында.

Айта кетелік Шет ауданында өрттің негізгі ошағы оқшауланған еді.