Оқиға 15 тамызда Семей — Өскемен автожолында болған. Volkswagen көлігінің жүргізушісі патрульдік полиция қызметкерлеріне тоқтап, салонда отырған бес жасар баланың аяғынан терең жарақат алып, қатты қансырап жатқанын айтқан.
Баланың анасының сөзінше, Жаңасемей ауданына қарасты Гранитный ауылында тұратын ұлы аулада ойнап жүріп, үйге кірмек болған. Сол сәтте кіреберіс есіктің шынысы сынып, баланың аяғын қатты жарақаттаған.
Баланың жағдайының ауыр екенін түсінген полиция қызметкерлері Еламан Масалимов пен Медет Смағұлов уақыт жоғалтпай, анасы мен баланы патрульдік көлікке отырғызып, облыстық ауруханаға қарай жолға шыққан.
Полицейлер жарақат алған баланы 12 минут ішінде облыстық аурухананың балаларды қабылдау бөліміне жеткізген. Дәрігерлер баланы бірден қабылдап, шұғыл түрде операция жасаған.
— Баламның аяғынан қан тоқтамай, қатты қорқып кеттім. Не істерімді білмей, жолда полицейлерді көріп, көмек сұрадым. Олар бірден бізге көмектесіп, баламды көлікке отырғызды. Бар болғаны 12 минуттың ішінде ауруханаға жеткізді. Мен үшін сол сәтте бұл — үлкен көмек болды. Полицейлерге шын жүректен алғыс айтамын, — деді баланың анасы.
Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда полиция қызметкері өртеніп жатқан пәтерге кіріп, 5 баланы құтқарып қалғанын жазғанбыз.