Абай облысында полиция 8 рет ереже бұзған кортеж жүргізушілерін ұстады

АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысында полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Ақсуат ауданындағы той кортежіне қатысқан көліктердің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғанын анықтады.

Видеодан алынған кадр

Полицияның хабарлауынша, Ақсуат ауданының Қабанбай көшесінде Toyota және Hyundai Tucson екі автокөліктің жүргізушілері қос тұтас жолақ сызығын кесіп өтіп, қарсы бағытқа шыққан.

— Сонымен қатар видеода қозғалыстағы көліктің есігіне жолаушының отырып алғаны анық көрінеді. Мұндай әрекеттер жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді, — деп хабарлады ведомство.

Полицейлер құқық бұзушылыққа қатысы бар барлық тұлғаны анықтап, заңнамаға сәйкес шара қабылдады. Нәтижесінде екі жүргізушіге қатысты маневр жасау қағидаларын бұзу, қауіпсіздік белдігін тақпау, авариялық жағдай туғызу және көлік құралдарын пайдалану талаптарын сақтамау бойынша барлығы 8 әкімшілік хаттама толтырылды.

Көлік құралдары арнайы тұраққа қойылды. Сонымен қатар жолаушыларды тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану талаптарын сақтамаған жолаушы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында жол ережесін бұзған той кортежінің жүргізушілері жазаланғанын хабарлағанбыз.