Абай облысында прокуратура 172 жүргізушіге заңсыз айыппұл салынғанын анықтады

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысы Аягөз ауданының прокуратурасы жол қозғалысы ережелерін бұзу әрекеттерін автоматты түрде тіркейтін камералардың жұмысынан заң бұзушылықтарды анықтады.

Фото: Абай облысы ПД

Абай облысы прокуратурасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Аягөз қаласындағы көшелердің бірінде көлік қозғалысына рұқсат етілген жылдамдық сағатына 60 км болғанына қарамастан, автоматты тіркеу кешенінің баптауларында шекті жылдамдық 40 км/сағ ретінде қате белгіленгені анықталды.

Осының салдарынан 172 азамат әкімшілік жауаптылыққа заңсыз тартылған. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша заңсыз шығарылған қаулылардың барлығының күші жойылып, төленген айыппұлдарды қайтару жұмыстары ұйымдастырылды.

Қазіргі таңда көлік иелеріне 800 мың теңгеден астам қаражат қайтарылды. Қаражаттарды қайтару жұмыстары жалғасу үстінде.

-Абай облысының прокуратурасы азаматтарға әкімшілік жауаптылыққа заңсыз тарту фактілері анықталған жағдайда, өз құқықтарын қалпына келтіру үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе прокуратура органдарына жүгінуге құқылы екенін түсіндіреді,-делінген хабарламада.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, СҚО-да прокуратура 6,5 мыңнан астам қызметкердің мемлекеттік базада тіркелмегенін анықтады.