Абай облысында прокуратура бизнеске қатысты 60 заңсыз тексеруді тоқтатты

СЕМЕЙ. KAZINFORM - Семей қаласының прокуратурасы Полиция басқармасының әкімшілік тәжірибесіне жүргізілген талдау барысында ӘҚБтК-нің 132-бабы (кәмелетке толмағандардың түнгi уақытта ойын-сауық мекемелерiнде болуына жол беру) бойынша бизнес субъектілерін әкімшілік жауапқа тарту кезінде заңбұзушылықтарды анықтады.

Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Абай облысытқ прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында болу фактілерін тексеру міндетті түрде құқықтық статистика органдарында тіркелуге тиіс.

Полиция қызметкерлері тексерулерді тиісті тіркеусіз жүргізіп, олардың қорытындысы бойынша 60 әкімшілік хаттама жасаған, бұл оларды тоқтатуға негіз болып табылады.

- Қала прокуратурасының қабылдаған шаралары нәтижесінде заңсыз әкімшілік істер қайта қаралып, тоқтатылды, кәсіпкерлердің құқықтары қалпына келтірілді, сондай-ақ заңбұзушылықтарға жол берген 11 қызметкер тәртіптік жауапқа тартылды, - делінген хабарламада.

Осыған дейін Қостанайда прокуратура білім қызметкерлерінің 5 млн теңге қосымша төлем алуына ықпал еткені туралы жаздық.