Абай облысында психикалық ауруы бар 62 адам көлік айдап жүрген
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Үржар ауданында психиатр-наркологтың есебінде тұрған 62 адамның жүргізуші куәлігі бар екені анықталды. Олардың денсаулығы жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.
Прокуратураның мәліметінше, мұндай жағдайлар жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін.
Мәселен, 2023 жылы эпилепсияға шалдыққан жүргізуші көлік тізгінінде есінен танып қалып, адам көп жүретін қиылыста жол апатын жасаған. Нәтижесінде екі көлік зақымданып, бір жолаушы орташа жарақат алған.
Аудан прокурорының ұсынысымен полиция сотқа жүгініп, 62 азаматтың жүргізуші куәлігінің күшін жоюды сұрады. Барлық өтініш қанағаттандырылды.
Бұдан бөлек, прокуратура психиатр-наркологтың есебінде тұрған азаматтар туралы деректерді полицияға жолдап, оларды жүргізуші куәліктерінен және қару ұстау рұқсатынан айыру шараларын қабылдады.
Қазақстандықтар халықаралық жүргізуші куәлігін қайдан және қалай алуға болатынын білгіңіз келсе, сілтемеге өтіңіз.