Абай облысында сотта жалған сөйлеген куәгер 5 жылға бас бостандығынан айырылды
04:16, 03 Шілде 2025
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысы Жарма аудандық сотында жалған сөйлеу фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды.
Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Т. есімді азамат браконьерлікке қатысты басқа бір қылмыстық іс бойынша куә ретінде шақырылған. Сот кезінде ол қасақана жалған мәлімет берген.
- Оның бұл әрекеті сотты жаңылыстырды. Сол арқылы ер адам танысына қылмыстық жауапкершіліктен жалтаруға көмектеспек болған, - делінген ақпаратта.
Сот Т.-ны Қылмыстық Кодекстің 420-бабы бойынша (көрінеу жалған айғақ беру) кінәлі деп таныды. Сот шешімімен айыпталушы 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Еске салсақ, осыған дейін Өскемен тұрғыны көлігіне құлаған ағаш үшін коммуналдық мекемеден 2,5 млн теңге өндіріп алғаны хабарланған.