2 сәуір күні Көкпекті ауданы үшін маңызы бар «Үлкенбөкен-Көкжайық» жолында қызыл су жүріп, Көкжайық ауылына кіреберістегі ұзындығы 4 шақырым жол жабылған. Осы жолдың жиегін су шайып кеткен болатын.
«Қазіргі уақытта осы жол жиектерін нығайту және су өткізу құбырларын қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде. 7 арнайы техника, оның ішінде 5 КамАЗ, 1 тиегіш, 1 экскаватор және 12 адам жұмылдырылған», - деп хабарлады Абай облысы әкімдігінен.
Ақсуат ауданында су тасқынынан кейін жолдарды қалыпқа келтіру жалғасуда. Мәселен, «Семей жолдары» ЖШС облыстық маңызы бар «Сәтбаев-Ақсуат» жолындағы бұзылған учаскелерді қалпына келтірді.
Қызылкесік ауылдық округінде Орта Боғас өзені арқылы Егіндібұлақ ауылына өтетін өткелдің бүлінген учаскелерін қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталған. Бүгінде Егіндібұлақ және басқа да қыстақтармен жол қатынасы ашылды, ешқандай кедергі жоқ.