Абай облысында суға шомылу маусымында өзен-көлдерде құтқарушылар кезекшілік етеді

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында суға шомылу маусымында демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өзен-көлдерде құтқарушылар кезекшілігі ұйымдастырылды.  

Фото: Абай облысы әкімдігінен

Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Күн тәртібінде суға шомылу маусымында өңірдегі өзендер мен көлдерде қауіпсіз демалысты ұйымдастыру, маңызды әлеуметтік нысандар мен көлік инфрақұрылымындағы 2024-2025 жылдардағы қысқы және су тасқыны кезеңдеріне дайындық жөніндегі шаралар қаралды. 

«Суға түсу маусымы қарсаңында ТЖД жедел-құтқару жасағының қызметкерлері жергілікті атқарушы органдардан Семей қаласындағы («Заря» және «Пристань» жағажайлары), Бородулиха ауданындағы (Шүлбі су қоймасы), Бесқарағай ауданындағы (Шошқалы көлі), Курчатов қаласындағы (Ертіс өзені жағалауы) және Алакөл жағалауындағы акваториялардың түбін тексеруге өтінімдер қабылдады. Жазда су айдындарында мемлекеттік органдар және еріктілермен бірлесіп патрульдеу мен рейдтер өткізіледі. Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін департамент шомылу маусымы кезеңінде қайықты алты мобильді бекеттің кезекшілігін ұйымдастырды», - деп хабарлады Абай облысы әкімдігінен.

Фото: Абай облысы әкімдігінен

Облыстық ТЖД отырысында қала мен аудан әкімдерімен бірлесіп шомылу орындарында қауіпсіздік шараларын күшейту тапсырылды.

«Халыққа түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет. Әсіресе жазғы демалыс уақытында балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы керек. Сонымен қатар алдағы қысқы маусымға дайындық туралы да ұмытпағанымыз жөн. Біздің басты мақсатымыз – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және кез келген сын-қатерлерге дайын болу», - деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.

Фото: Абай облысы әкімдігінен

Республикалық маңызы бар автожолдар учаскелерін күтіп ұстау бойынша «КАЖсервис» ЖШС қызмет көрсетеді. Абай облысында жеті жол-пайдалану учаскесі, жалпы саны 293 адам жұмыс істейтін 15 жол-пайдалану пункті бар. Қыс мезгіліндегі жұмыстарды орындау үшін 90 техника әзір. Облыстық маңызы бар автожол учаскелерін күтіп ұстауды «Семей жолдары» ЖШС атқарады. Олар қысқы жұмыстарға жалпы саны 120 адам және 80 техника бар үш қосалқы мердігер ұйымды қамтиды.

«Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларына қала және аудан әкімдерімен бірлесіп әлеуметтік маңызы бар нысандар мен көлік инфрақұрылымының дайындығын бақылау тапсырылды. Сондай-ақ аймақ басшысы барлық жөндеу, дайындық жұмыстары мерзімінде аяқталуы тиіс екендігін атап өтті», - делінген әкімдік ақпаратында.