Абай облысында тасжолда адам қағып, қашып кеткен көлік жүргізушісі ұсталды

Абай облысы Аягөз ауданында тасжолда адам қағып, қашып кеткен көлік жүргізушісі ұсталды, деп хабарлайды Кazinform. 

Фото: Фото - СҚО ПД баспасөз қызметі

Аягөз ауданының 56 жастағы тұрғынын көлік қағып кеткен. Көлік жүргізушісі бірден сол жерден бой тасалаған.

«Ер адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Ол 6 қараша күні сағат 21.00 шамасында елді мекеннің жанындағы «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» тасжолында белгісіз жүргізушінің өзін қаққанын, содан кейін медициналық көмек көрсетпей, оқиға орнынан қашып кеткенін жеткізді. Дәрігерлер полицейлерге хабарласқаннан кейін Аягөз ауданының тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын қолға алды», - деп хабарлады Абай облыстық Полиция департаментінен.

Көп ұзамай камералар арқылы күдікті ұсталды. Ол «Toyota» маркалы көліктің 33 жастағы жүргізушісі. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.