Абай облысында төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін 330 техника дайындалды

Абай облысында қыс айлары кезінде төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін 330 техника дайындалған, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: ДЧС Алматы

Облыс әкімдігінде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі өңірлік комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда қыс кезінде болатын төтенше жағдайларға дайындық жайы сөз етілді.

«Жыл сайын қыс мезгілінде Абай облысы бойынша табиғи және техногендік сипаттағы түрлі төтенше жағдайлар болады. Бұл негізінен жолдарда көліктердің қар құрсауында қалуы және жылумен жабдықтау объектілеріндегі апаттар. Аймақтың автомобиль жолдарында ұзындығы 243,6 км болатын 244 қарлы учаске анықталды», - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Автожолдарда 30 жылыту пункті орналасқан. Оның ішінде 21-і республикалық маңызы бар жолдарда, 9-ы облыстық маңызы бар жолдарда. Аудандық маңызы бар жолдарда қосымша 69 жылыту пункті (мектептер, интернаттар, балабақшалар және т.б.) бар.

«Бұдан басқа, шұғыл медициналық көмек көрсету үшін 3 трассалық медициналық-құтқару пункті дайын тұр. Қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін Абай облысының қалалары мен аудандарында жеке құрамнан 947 адам, 330 техника дайындалған», - делінген ақпаратта.

Отырыс қорытындысы бойынша жауапты мамандарға қысқы кезеңде әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын қауіпсіз күтіп ұстау жөнінде бірқатар тапсырма берілді.