Абай облысында түнде 900-ден астам бала ересектердің қарауынсыз жүрген

АСТАНА. KAZINFORM – Абай облысында «Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері 1 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті, деп хабарлайды Polisia.kz .

Фото: Polisia.kz

Профилактикалық жұмыстар барысында полиция қызметкерлері балалардың қауіпсіздігіне қатысты бірқатар бағытта рейдтік және түсіндіру іс-шараларын жүргізіп жатыр. Барлығы 232 рейдтік іс-шара өткізілді. Оның барысында қолданыстағы заңнама талаптарының сақталуына бақылау жасалып, анықталған құқық бұзушылықтардың жолын кесу бойынша тиісті шаралар қабылданды.

– Жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде барлығы 1 134 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Сонымен қатар ата-аналардың және өзге де заңды өкілдердің балаларды тәрбиелеу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мінез-құлқына бақылау жасау жөніндегі міндеттеріне ерекше назар аударылды. Осы бағытта 164 жағдайда ата-аналардың немесе басқа да заңды өкілдердің кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны анықталды, . Балалардың қараусыз және панасыз қалуының алдын алу мақсатында– делінген ресми хабарламада.

Сондай-ақ өңірде профилактикалық есепке алу және анықтау жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде 67 кәмелетке толмаған бала қараусыздық пен панасыздық фактілері бойынша Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылыпты.

– Балалардың түнгі уақытта қауіпсіздігін қамтамасыз ету де іс-шараның маңызды бағыттарының бірі болып отыр. Рейдтік жұмыстар барысында 23:00-ден 06:00-ге дейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде жүрген 902 кәмелетке толмаған анықталды. Сонымен қатар жасөспірімдердің түнгі уақытта ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз болуына жол бермеу мақсатында бақылау күшейтілді. Нәтижесінде түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде заңды өкілдерінің сүйемелдеуінсіз жүрген 12 кәмелетке толмаған анықталды, – делінген водомство таратқан ақпаратта. 

Балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек жол қозғалысына қатысушылардың тәртібіне ғана емес, оқу орындары маңындағы жол инфрақұрылымының жай-күйіне де тікелей байланысты. Осыған орай білім беру ұйымдарына іргелес аумақтардағы жол инфрақұрылымына тексеру жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша 110 нұсқама енгізілді.

Полиция қызметкерлері ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамауға, олардың қайда және кіммен жүргенін бақылауға, түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз көшеге және ойын-сауық орындарына жібермеуге шақырады.

Айта кетейік, бұған дейін Абай облысында түнгі рейд кезінде 409 жасөспірім полицияға жеткізілгенін жаздық

Сондай-ақ Алматыда тұратын жері жоқ адамдарға рейд жүргізілді.