Абай облысында жол қозғалысы қауіпсіздігіне бақылау күшейтіліп жатыр. Қарсы бағытқа шығу — жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың ең қауіпті түрлерінің бірі. Бұл әрекет көбіне ауыр салдарлы жол-көлік оқиғаларына тікелей себеп болып жатады, өйткені қарсы келе жатқан көлікпен соқтығысу қаупі бірнеше есе артады және жүргізушінің реакция жасау уақыты күрт қысқарады.
Жыл басынан бері қарсы бағытқа шығудың 55 фактісінің жолы кесілді. Әрбір факті бойынша полиция қызметкерлерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, жол ережесін бұзудың бірқатары дрондардың көмегімен анықталды.
Патрульдік полицияның тәулік бойғы жұмысы нәтижесінде жолдағы тәртіпті бұзу деректері жедел тоқтатылып, қауіптің алдын алу жүйесі күшейтілді.
Жол — тек қозғалыс кеңістігі емес, бұл адам үшін жауапкершілік. Осыған байланысты Абай облысы ПД патрульдік полиция ротасы профилактикалық және жедел бағытта жұмыстар жүргізіп жатыр.
Абай облысы ПД Патрульдік полиция ротасының командирі полиция подполковнигі Айдын Қаңтарбаевтың сөзінше, қарсы бағытқа шығу — жай ғана ереже бұзу емес, бұл өз өміріңді де, өзгенің өмірін де тәуекелге тігу.
— Біз әрбір оқиғаны тек тіркеп қоймаймыз, оның алдын алуға жұмыс істейміз. Жолдағы тәртіп — бұл қорқыту емес, бұл мәдениет. Ал мәдениет әр жүргізушінің өзінен басталады. Әр рейд — тексеріс емес, әр тоқтатылған көлік — ықтимал қайғылы оқиғаның алдын алу, — деді ол.
Ведомство мәліметінше, қарсы бағытқа шығу сияқты өрескел бұзушылықтар қатаң бақылауда және тұрақты профилактикалық шаралардың басты нысанында болады.
Бұдан бұрын Абай облысында жыл басынан бері 1500-ге жуық жаяу жүргінші жол ережесін бұзғанын жазғанбыз.