Абай облысында жоғалып кеткен 3 жасар бала айдаладан табылған

АСТАНА. KAZINFORM — 8 сәуір күні Ақсуат ауданында 3 жастағы бала байқатпай үйдің ауласынан шығып кетіп, жоғалып кеткен.

Фото: Абай облысы ПД

Таңертең ерте туыстары іздеуді бастап, шамамен сағат 11:00–де полицияға хабарласқан. Осы сәттен бастап барлық күштер дереу жұмылдырылды.

Бірнеше сағаттан кейін іздеу барысында атпен жүрген полиция қызметкері айдалада кішкентай баланың бейнесін байқайды — ол елді мекеннен алыс жерде жалғыз жүрген. Толқығанын жасыра алмаған полицей балаға: «Айналайын, келе ғой…» — деп тіл қатады.

— Сағат 14:00 шамасында бала елді мекеннен шамамен 3 шақырым жерден табылды. Бақытқа орай, ол аман-есен, өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ — бала тек адасып кеткен. Бұл оқиға — уақыттың әр минуты маңызды екенін және үйлесімді әрекеттің маңызын еске салады. Кейде нағыз ғажайып — дер кезінде табылған бала, — дейді тәртіп сақшылары.

Осыдан бұрын Ақтөбеде бір күнде екі бала терезеден құлап кеткенін жаздық.