Абай облысында Жоғары IT және робототехника колледжі ашылады
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында IT саласы қарқынды дамып келеді. Бұған жас мамандар, студенттер мен мектеп оқушыларының әзірлеген жаңа цифрлық жобалары мен қосымшалары дәлел болып отыр. Аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев Абай облысында ашылатын Жоғары IT және робототехника колледжінің жобасымен танысып қайтты.
Ол өз кезегінде колледж сапалы IT-мамандар даярлайтын орынға айналуы тиіс екенін, сондықтан барлық қажетті жағдай жасалынуы керек екенін атап өтті.
«Олардың өнертабыстары қазіргі заманға сай әрі бүкіл республика бойынша кеңінен таралды. Осы бастамаларды одан ары дамытып, қолдау үшін Семейде Жоғары IT және роботехника колледжін ашу жоспарлануда. Колледж Затаевич көшесі, 4 мекенжайында орналасады», - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары толық аяқталды. Жақын арада құрылыс басталады.
«Бүгінде ғимаратта энергияны үнемдеу және жылыту жүйелерін орнату жұмыстары жүргізілді. Енді ғимараттың шатыры мен қасбетін жөндеу, оқу корпусының ішкі әрлеуі, жылыту және жарықтандырудың «ақылды жүйелерін» енгізу, жеделсаты орнату жоспарда бар. Сонымен қатар колледж базасында интерактивті мұражай құрылып, гардероб толығымен роботтандырылады. Аймақ басшысы жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, барлық жұмыстар мерзімінде аяқталуы тиіс екендігін атап өтті. Осыған байланысты жұмысты жеделдетуді және мердігер ұйымдармен арадағы шарттарды жасасуды тапсырды», - делінген ақпаратта.