Абай облысындағы Ертіс өзенінің деңгейі көтеріледі – құтқарушылар халыққа ескерту жасады
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында Ертіс өзенінің деңгейі көтерілсе жағалауда демалып жатқан адамдарға қауіп төнуі мүмкін.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Шүлбі су қоймасына ағынның ұлғаюына байланысты Ертіс өзеніндегі су деңгейі көтеріледі.
- 14 тамыздан бастап Шүлбі СЭС-тен Ертіс өзеніне су ағызу көлемі 860 м3/с дейін ұлғайтылады. Осыдан кейін өзенде су деңгейі көтеріліп, ағын күшейіп, су температурасы төмендейді. Бұл жағалауда немесе судың жанында демалып жатқан халыққа қауіп төндіруі мүмкін, - делінген ақпаратта.
Осыған байланысты құтқарушылар тұрғындарға жабдықталмаған жерлерде шомылуға болмайтынын, ағыны қатты суға түспеуді, балаларды судың жанында үнемі бақылап жүруді ескертті.
Еске салсақ, осыған дейін Ертіс бойының топырағы тозып бара жатқаны жайлы жазғанбыз.