Абай облысындағы креативті индустрия паркінде сән залы ашылды
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысындағы креативті индустрия паркінде сән залының ашылу өтті. Облыстағы креативті индустрия паркі өзінің жұмыс аясын кеңейтіп келеді. Бұл өңірдегі шығармашылық саланың дамуына тың серпін бермек. Бүгін аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев сонда арнайы барып, іске асырылған жобалармен танысты.
«Алаңда «Brilliant» шығармашылық мектебінің негізін қалаушы Мәдина Еділбекованың жетекшілігімен ұйымдастырылған сән көрмесінің ашылуы өтті. Ол жергілікті дизайнерлерге шығармашылық даму мен кең мүмкіндіктерге жол ашады. Сонымен қатар ол түрлі стильдегі дизайнерлерді біріктіретін алаң болмақ. Бұл жерде оларға өз өнімдерін сатып қана қоймай, идея алмасуға, ынтымақтастық құруға және түрлі шаралар ұйымдастыруға мүмкіндік тумақ», - деп хабарлады Абай облысы әкімдігінен.
Бұдан бөлек, паркте «Talk like» оқырмандар клубының алғашқы кездесуі өтті. Жоба қазақ тарихы мен мәдениетін жаңғыртып, ұлттың бай мұрасын болашақ ұрпаққа ұсынады. Мұнда оқырман клубы, жазушылар клубы және қисса-дастандар клубы жұмыс істейді.
«Мұнда сонымен қатар «Ойсалар talks» подкастының түсірілімі өткізіліп, спикерлер мен креативті индустрия өкілдері осы бағытты дамыту бойынша өз тәжірибелері мен идеяларымен бөлісті. Креативті индустрия паркін аралаған облыс әкімі жобаларды одан әрі жетілдіру үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін атап өтті», - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, креативті индустрия паркі – өңірдің шығармашылық адамдарын ортақ мақсат пен креативті экономиканы дамыту және өңірдегі инновацияларды ынталандыруға біріктіруге арналған платформа.