Абай облысындағы маңызды автожолда қозғалыс уақытша шектелді

АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысында жауын-шашын салдарынан жолдың бір бөлігінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілді. Жүргізушілерге бағыт бойынша жағдайды алдын ала ескеріп, сақтық шараларын сақтау ұсынылады. Бұл туралы ҚазАвтоЖол мәлім етті.

Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

— 8 шілде сағат 23:45-тен бастап Абай облысында жауған жаңбырдан жиналған су жолдың үстімен ағып, көлік қозғалысына қауіп төндірген. Осыған байланысты «Қарағанды — Аягөз — Тарбағатай — Боғас» бағытындағы KAZ15 автожолының 852–900 шақырым аралығында барлық көлік түрлерінің қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Шектеу Қызыл-Кесік ауылынан Сәтбаев ауылының бұрылысына дейінгі учаскеге қатысты, — делінген хабарламада.

Шектеу қойылған жолдар туралы толық ақпаратты www.qaj.kz сайтындағы «Ақпараттық картадан» көруге болады.

Айта кетейік, бұған дейін ҚазАвтоЖол жолдардағы жаңа «ақылды» камералардың не үшін орнатылып жатқанын түсіндірді.