Абай облысындағы өртті 300-ге жуық адам сөндіріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Абай облысы Аягөз ауданындағы таулы, жетуі қиын жерде құрғақ шөп өртеніп жатыр. Өртті сөндіруге 300-ге жуық адам мен 50-ден астам техника жұмылдырылды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Фото: Видеодан алынған кадр

Өрт 11 қыркүйекте сағат 12:35-те Мыңбұлақ ауылдық округіндегі Арасан учаскесінде шыққан. Алдын ала мәлімет бойынша, тілсіз жау шамамен 700 гектар аумаққа тараған. Қазір таулы жерде жекелеген ошақтар қалып, өрт толық сөндірілген жоқ.

Өртті сөндіруге ТЖМ-ның 123 қызметкері мен 32 техникасы, жергілікті атқарушы органдардың 120 қызметкері мен 20 техникасы, сондай-ақ орман шаруашылығының 20 маманы мен үш техникасы жұмылдырылған. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.

Бұл – Аягөз ауданындағы соңғы бірнеше күндегі екінші ірі өрт. 10 қыркүйекте Тарбағатай ауылдық округінің Қазанкемір учаскесінде 200 гектар жерді құрғақ шөп өртеген. Ол өрт 11 қыркүйекте сағат 12:20-да толық сөндірілген. 15 минуттан кейін Арасан учаскесінде жаңа өрт шыққаны туралы хабар түскен.

Қазіргі таңда негізгі күштер екінші өртті сөндіруге бағытталған. Жұмысты таулы әрі жетуі қиын жер бедері қиындатып отыр.

Айта кетейік, кеше еліміздің бес өңірінде орман өрті тіркелді.

Сондай-ақ Ертіс өзенінің жайылмасы өртеніп жатқанын жаздық.