Сайлау учаскелерінің ең көп саны Семей қаласында орналасқан – 127. Курчатов қаласында – 12, Абай ауданында – 13, Ақсуат ауданында – 23, Аягөз ауданында – 46, Бесқарағай ауданында – 32, Бородулиха ауданында – 44, Жарма ауданында – 45, Көкпекті ауданында – 27, Үржар ауданында – 43, Жаңасемей ауданында – 23, Мақаншы ауданында – 29 сайлау учаскесі жұмыс істейді.
- Өңірде барлығы 477 сайлау комиссиясы құрылған. Оның ішінде 1 облыстық, 12 аумақтық және 464 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта сайлау комиссиялары жүйесінде 91 аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі және 3170 учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі бар. Абай облысының жергілікті атқарушы органдары ұсынған мәліметтерге сәйкес, сайлаушылар саны 401 224 адамды құрайды, - дейді Гүлнара Жігітбаева.
Оның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету сайлау процесін ұйымдастырудағы басым бағыттардың бірі. Дауыс беру күні арнайы жағдайларды қажет ететін сайлаушылардың саны 2194 адамды құрайды. Оның ішінде 744 адам – кресло-арбаны пайдаланушылар, 936 адам – зағип және көру қабілеті төмен азаматтар, 514 адам – есту және сөйлеу қабілеті бұзылғандар.
- Сайлаушыларға ақпараттық-консультациялық қолдау көрсету мақсатында 13 байланыс орталығының жұмысы ұйымдастырылды. Оның ішінде аймақ тұрғындарына арналған бірыңғай «109» байланыс орталығы және қала мен аудан тұрғындарына консультациялық көмек көрсететін 12 жергілікті байланыс орталығы жұмыс істейді. Дауыс беру күні облыстың 162 сайлау учаскесінде тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ азаматтарды тексеру және тіркеу жөніндегі онлайн-сервистерді пайдалану жоспарланып отыр. Оның ішінде 157 онлайн-сервис азаматтар туралы мәліметтерді жедел тексеруге арналған, ал Семей қаласында орналасқан 5 онлайн-сервис тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ азаматтарды тіркеу үшін қолданылады, - дейді Абай облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.
Дауыс беру күні азаматтардың тіркелген тұрғылықты жері бойынша орналасқан сайлау учаскелерінде қосымша жылжымалы пандустар орнатылады. Сонымен қатар көлік қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 29 инватакси қызметі тартылып, 5 елді мекенде қосымша 8 инватакси қызметінің жұмысы ұйымдастырылады.
- Бұдан бөлек, 2026 жылғы 23 тамыздағы сайлау күні мүмкіндігі шектеулі сайлаушыларға және жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға қажетті көмек көрсету үшін 9 сурдоаудармашы мен әлеуметтік қызметкерлерді тарту көзделген. Облыстың барлық сайлаушылары үшін өз сайлау учаскесін анықтауға мүмкіндік беретін Telegram Bot сервисі де қолжетімді, - дейді Гүлнара Жігітбаева.
Еске салсақ, осыған дейін Түркістанда ерекше қажеттілігі бар азаматтар Құрылтай сайлауында қалай дауыс беретіндігі хабарланған.