Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы ілгері басты

Фото: Абай облысының әкімдігі

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бұрынғы Семей өңірінің аумағында Абай облысы құрылғаны белгілі. Сол уақыттан бері облыс ел басшылығының қолдауының арқасында біртіндеп дамуға бет алды. Мұны күні кеше Орталық коммуникациялар қызметіне арнайы келіп, өңірдің 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне қатысты есеп берген облыс әкімі Берік Уәли де айтты.

Абай облысына инвестиция ағыны артты

Абай облысы құрылған сәтте бюджеті 251,3 млрд теңге болса, бүгінде 500,9 млрд теңгеге жетіп отыр. Ал бұл қаражаттың басым бөлігі, нақты айтқанда 227,3 млрд теңгесі әлеуметтік салаға жұмсалады. Демек, өңірдің өсіп өркендеуі үшін сырттан инвестиция тарту қажет екені анық. Бұл бағытта облыста біраз шаруа атқарылып жатыр. Мәселен, Берік Уәлидің дерегінше, жыл басынан бері іске асырылып жатқан жобалар саны 29-дан 97-ге дейін артып, ал тартылатын инвестициялар көлемі 2,2 трлн теңгеден 3,5 трлн теңгеге дейін өсті.

Фото: Абай облысының әкімдігі

— Биыл жалпы сомасы 25,9 млрд теңгеге 453 жұмыс орнын құрумен 14 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінге 13,3 млрд теңгеге 7 жоба жүзеге асырылып, 124 жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін құны 12,6 млрд теңгені құрайтын, 255 жұмыс орнын құруды көздейтін тағы 7 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз, — деді облыс басшысы.

Өңір әкімі инвестиция тарту үшін жыл басынан бері 100 шетел инвесторларымен кездесу өткізді. «Үлкен Алтай» халықаралық субөңірлік конференциясы аясында Қытай елінің инвесторларымен 1 миллиард 500 миллион АҚШ долларына 15 меморандумға қол қойылды. Өңірден шыққан кәсіпкерлер мен меценаттардың қатысуымен өткен «Туған жерге туыңды тік» форумында 336 млрд теңгеге маңызды 15 келісімге қол жеткізілді.

— Оның ішінде жалпы сомасы 31,7 млрд теңгені құрайтын 2 жобаны іске асыру басталды, — деді ол.

Берік Уәлидің айтуынша, инвесторлардың өңірге деген қызығушылығы «Өндіріс» индустриялық аймағын кеңейту қажеттілігін көрсетіп отыр. Бастапқыда аумағы 96 гектарды құраған аймақ көлемі бүгінде 186 гектарға дейін кеңейтілді. Бірақ, бұл жер көлемі де жеткіліксіз. Сондықтан Семей қаласының өнеркәсіптік аймағында 500 гектар жер бөлу жоспарланған.

Фото: Абай облысының әкімдігі

Өңір экономикасының драйвері — туризм

Бүгінде әлемдік жалпы өнімдегі туризмнің үлесі 10 пайыздың шамасында. Дүниежүзіндегі жұмыс орындарының шамамен 10 пайызы да туризмге тиесілі. Әрбір төртінші жұмыс орны осы салада ашылып жатыр. Бұл ретте Абай облысының туризмді дамытуда зор әлеуеті бар. Өңірде көптеген музей, судағы тұздың концентрациясы Израильдегі Өлі теңізбен пара-пар Шипалы көлі, Аягөз өзенінің оң жағалауында «Қозы-Көрпеш және Баян-Сұлу» мазары, суы емдік қасиетке ие Қоңыр әулие үңгірі, Қазақстанның 100 киелі объектісінің тізіміне енген Ырғызбай ата кесенесі, аңызға айналған ғашықтар жұбына құрмет ретінде салынған «Еңлік-Кебек» кесенесі орналасқан. Бұлардың бәрі туристер үшін тартымды мәдени нысандар екені сөзсіз.

Мұнан бөлек, өңірде туристік және инвестициялық зор әлеуетке ие Алакөл жағалауы бар. Осы көлдің жағалауына қатысты Берік Уәли жылдар бойы қордаланған, әсіресе инфрақұрылымға қатысты проблемаларды бір маусымда шешу мүмкін емес екенін айтады.

— Дегенмен, Алакөл жағалауында демалушылар үшін қолайлы жағдай жасап, оның инфрақұрылымын дамыту бойынша нақты шаралар қабылданды. Облыс құрылғалы жағалауда жөндеу жүргізілмегенін ескере отырып, биыл жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Көл жағалауындағы Қабанбай ауылында құтқару станциясы және өрт сөндіру депосының құрылысы басталды. Қазіргі уақытта туристік аймаққа жаңа электр желісін тарту, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, — деді ол.

Облыс басшысының сөзіне қарағанда, жобаларды жүйелі түрде және сапалы іске асыру үшін көл жағалауының жаңа бас жоспарының жобасын әзірлеу жоспарланған. Жалпы ауданы 1 000 гектардан асатын демалыс және туризм аймақтары қалыптастырылып, рекреациялық, қоғамдық-іскерлік және тұрғын аумақтар дамытылады. Қабанбай ауылының аумағы мен көл жағалауын біріктіріп, игерілген жер көлемі 3 мың гектарға дейін ұлғайтылады.

— Болашақта бұл Алакөлді өңірдің жетекші туристік орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді. Жағалауды дамытудың негізгі жобаларының бірі — Әзербайжан инвесторларының қатысуымен «Алакөл» емдеу-сауықтыру кешенінің құрылысы. Бұл жоба бойынша екі мемлекеттің басшылары 21 қазан күні келісімге қол қойды. Қазіргі уақытта құрылыс орнын бекіту жұмыстары келісілуде. Сонымен қатар, қытайлық компаниялар «Сан Бао», «Ванджан» және «Жудинг груп» Алакөл туристік аймағында жалпы алаңы 40 гектар тез құрылатын 100 шағын қонақ үйлердің (глэмпинг) құрылысы жоспарланды, — деді Берік Уәли.

Ауыл шаруашылығы саласындағы нәтижелер

Абай облысы — ежелден ауыл шаруашылығына бейімделген аймақ. Өткен 9 айдағы өңірде ауыл шаруашылығы саласында өндірілген жалпы өнімнің көлемі 339,5 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде 209,7 млрд теңгеге мал шаруашылығының өнімдері өндірілді. Саланы мемлекеттік қолдау шаралары аясында 15,1 млрд теңге субсидия бөлінді. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығын дамытуға — 2,5 млрд теңге, мал шаруашылығына — 4,8 млрд теңге, қаржы құралдарын субсидиялауға және қайта өңдеу саласына 7,8 млрд теңге қарастырылды. «Кең Дала» бағдарламасымен 202 шаруаға көктемгі егіс және күзгі егін жинау жұмыстарын жүргізуге жеңілдетілген 5 пайызбен 9,5 млрд теңге қаражат берілді.

— Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 9 айда 101 мың тонна ет және 248,4 мың тонна сүт өндірілді. 13,5 млрд теңгеге жаңадан 446 заманауи ауыл шаруашылығы техникасы алынып, техника паркін жаңарту деңгейі 5,1 пайыз жетіп отыр. Бұл көктемгі егіс егу және егін жинау кезеңіндегі еңбек өнімділігінің тиімділігін арттырды. Егін жинау жұмыстары 782,1 мың гектар алаңда жүргізілді, — деді облыс әкімі.

Оның дерегінше, дәнді дақылдар алқабы 12 мың гектарға қысқарып, жоғары рентабельді майлы дақылдар алқабы өткен жылмен салыстырғанда 42,5 мың гектарға ұлғайды.

Фото: Абай облысының әкімдігі

Агроөнеркәсіптік кешен саласында инвестиция тарту арқылы облыстың экономикалық дамуына серпін беретін ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда нақты қадамдар жасалып жатыр.