Абай облысының Бородулиха ауданында кірпіш зауыты іске қосылды

Фото: Абай облысының әкімдігі

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Бородулиха ауданының Новопокровка ауылында орналасқан жаңа өндіріс орнының ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли қатысты.

Кәсіпорын өңірдегі құрылыс компаниялары мен жергілікті тұрғындарды сапалы, экологиялық таза және бәсекеге қабілетті отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге бағытталған. Жобаның жалпы құны — 2 млрд теңге. Зауыттың жылдық қуаттылығы — 6 миллион дана керамикалық кірпіш.

Аймақ басшысы зауыттың ашылуы облыс экономикасына тың серпін беретінін атап өтті.

Фото: Абай облысының әкімдігі

— Бүгін біз өңіріміздің өндірістік келбетінің жаңа тарауын ашқалы отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Қазір ел экономикасында реформалар жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылымға және жаңа өндіріс орындарын ашуға қомақты инвестиция салынып жатыр. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын және еліміздің әлеуетін арттыру үшін жасалып жатқаны айдан анық» деп өндірісті дамытудың мақсатын, инвестиция тартудың маңызын айқындап берген болатын. Бүгін өндірісі іске қосылып, өңір тұрғындарының қажеттілігіне қызмет еткелі отырған бұл кәсіпорын жылына шамамен 6 000 000 дана кірпіш өндірмекші. Бұл облыс және аудан тұрғындарының құрылыс материалдарына тапшылығын азайтып, өңір экономикасына септігін тигізеді деп ойлаймын. Аудан экономикасына үлкен қолдауын көрсетіп, осындай ауқымды жобаны жүзеге асырып жатқан жеке инвестор Қайырлы Хасеновке алғыс айтамын. Қазірдің өзінде 65 адам жұмыс істеп жатыр екен. Елу адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл — аудан халқы үшін үлкен көмек. Биылғы мамыр айында облыстың даму жоспарын жариялаған болатынбыз. Осы жоспарға сәйкес Семей қаласында жаңа ықшам аудан құруды қолға алдық. Мұнда көптеген жаңа құрылыс нысандары салынатын болады. Кірпіш зауыты құрылыс материалдарын дайындауға үлкен септігін тигізеді. Сондықтан бүгін жұмысын бастағалы отырған өндіріске сәттілік тілеймін, — деді аймақ басшысы.

Фото: Абай облысының әкімдігі

«Шыңғыс Тас» ЖШС басшысы Қайырлы Хасеновтың айтуынша, зауыттың технологиялық процесі толық автоматтандырылған және энергия тиімділігі мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану қағидаттарына негізделген. Өндіріс циклы саз балшықты өндіруден бастап, оны кептіру мен күйдіруге дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды. Өнім сапасы ұлттық стандарттарға сай жоғары беріктік пен аязға төзімділікке ие.

Фото: Абай облысының әкімдігі

— Қазіргі таңда бірқатар компаниялармен көп қабатты тұрғын үйлер мен мәдениет үйлерін салу жөнінде келіссөз жүргізілуде. Шығыс Қазақстан облысынан да біздің өнімдерімізге сұраныс бар, — деді ол.

Фото: Абай облысының әкімдігі

Жоба 2024 жылдың сәуір айында басталып, 2025 жылдың қазан айында толық аяқталды. Нысанда барлық құрылыс-монтаждау және іске қосу жұмыстары жүргізіліп, жабдықтар сынақтан өтті.

Фото: Абай облысының әкімдігі
Фото: Абай облысының әкімдігі