Абай облысының Жарма ауданында 10 отбасы баспаналы болды

Фото: Фото: Абай облысы әкімдігінен

Абай облысының Жарма ауданында 10 отбасыға пәтер кілті табысталды, деп хабарлайды Kazinform.

Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Жарма ауданы Қалбатау ауылында халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтар мен көпбалалы отбасыларға Ысқақов көшесінің бойындағы жаңа үйден пәтер кілттері табыс етілді. Барлығы 10 отбасы қоныс тойын тойлады.

«Биыл Жарма ауданында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында 25 тұрғын үй, Қалбатау ауылында 50 пәтер, Шар қаласында 10 пәтерлік 5 үй пайдалануға берілді. Бүгінде Қалбатау ауылындағы Достық көшесі бойындағы 30 пәтерлік үш қабатты тұрғын үйдің құрылысын мердігер «Жарма Стройгаз» ЖШС ұйымы жүргізіп жатыр. Құрылыс жұмысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған», - делінген ақпаратта.

Жалпы Абай облысында әлеуметтік тұрғыда осал санатқа жататын тұрғындарды қолдауға көп көңіл бөлінуде. 2030 жылға дейін халық табысын арттырудың өңірлік бағдарламасы қабылданбақ.

Жыл басынан бері 4651 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, оның ішінде 1847 отбасы көпбалалы. Халықтың әлеуметтік осал тобының тұрғын үй мәселесін шешу үшін жеке тұрғын үй қорынан жалға берілетін тұрғын үй үшін 50% өтемақы төлеуге бюджеттен 865 миллион теңге бөлінген. Аймақ бойынша 19 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр, оның ішінде 2442-і көпбалалы отбасы.