Абай облысының жылу орталықтарындағы жөндеу жұмыстары 85%-ға аяқталды
Абай облысындағы жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстары бүгінде 85%-ға аяқталып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бүгінде жөндеу жұмыстарының 85%-ы орындалған. Барлық жұмыстарды 30 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев облыстық қоғамдық кеңес мүшелерімен және мәслихат депутаттарымен бірге Семей қаласының қазандықтарын, магистральдық жылу желілерін тексерді. Оның ішінде «Ғаббасов» қазандығы, Бозтаев көшесіндегі магистральдық жылу желісі, «401 квартал» орталық жылу пунктін аралады.
«Ғаббасов» қазандығын жөндеу жұмыстарына баса назар аударылған. Қазандықтағы жұмыстар белгіленген мерзімде, яғни қыркүйек айының соңында аяқталады.
«Жөндеу жұмыстарының қарқынын арттырып, қадағалап отыру қажет. Осы бағытқа жауапты облыс әкімдігінің басқармалары, қалалар мен аудандар әкімдіктерінің бөлімдері жөнделіп жатқан жылу орталықтарының басы-қасында болып, күнделікті тексеруі керек. Жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталуы тиіс. Халық күтіп отыр», - деді Нұрлан Ұранхаев.