Абай облысында Әуезовтың 125 жылдығына орай «Еңлік-Кебек» ескерткіші ашылады
02:10, 06 Қыркүйек 2022
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысында Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығына орай «Еңлік-Кебек» ескерткіші ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығы. Қазақ қарасөзінің хас шеберінің құрметіне Абай облысында бірқатар шара өткізіледі деп жоспарлануда. Соның бірі – Абай ауданындағы «Еңлік-Кебек» ескерткішінің ашылуы болмақ.
«Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығы аясында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың тапсырмасына сәйкес, Абай ауданының аумағында орналасқан «Еңлік-Кебек» кесенесіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар тамыз айының аяғында басталды. Сонымен қатар қос ғашыққа арналған ескерткіш орнатылады. Жұмыстар осы жылдың қыркүйек айының соңында аяқталады», - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Мұхтар Әуезов трагедия жанрындағы «Еңлік-Кебек» пьесасын 1922 жылы жазған.