Абай облысында балалар үйінде өсіп жатқан жеткіншектерге әке-шешесі 30 млн теңге алимент қарыз

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Абай облысы Бородулиха ауданының прокуратурасы ата-ана қамқорлығынсыз қалып, бала орталығында тәрбиеленіп жатқан жеткіншектердің құқығы қаншалықты қорғалатынына мониторинг жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Қамқоршының тарапынан (бала орталығы) алимент өндіру бойынша шара қабылдамау фактілері анықталды.

Бас-аяғы 30 млн теңге болатын алимент төлемеудің 14 фактісі анықталды.

Оның 5 фактісі бойынша прокуратура бастамасымен ҚР ҚК 139 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Бүгінгі күні 2 борышкер сотталды.

Бұл жұмыс оң нәтиже беріп келеді. Қазіргі кезде 1 млн теңгеден астам алимент берешегі өтелді.

Қадағалау актісі негізінде бала орталығының басшылығы жауапкершілікке тартылды.