Абай облысында биыл 12 мыңға жуық жұмыс орны құрылды

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысында жыл басынан бері 12 мыңға жуық жұмыс орны құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абай облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, өңірде әлеуметтік-экономикалық дамуда тұрақты өсім байқалып отыр.

«2023 жылдың алғашқы алты айында аймақ кәсіпорындары 673,6 млрд теңгеге өнім өндірді. Негізгі үлесі – 56,3% тау-кен өнеркәсібі және кен орындарын қазуға тиесілі. Ал өңдеу өнеркәсібінде 269,2 млрд теңгеге өнім шығарылды. Облыс бойынша ауыл шаруашылығы белсенді дамып келеді. Бұл салада жалпы өнім көлемі 143,7 млрд теңгені құрады», - делінген ақпаратта.

Абай облысында егіс егу науқаны толығымен аяқталған. Оның жалпы ауданы – 654,2 гектар.

«Оның ішінде дәнді дақылдар – 297,3 мың гектар, майлы дақылдар – 306,2 мың гектар, картоп – 7,7 мың гектар, көкөністер – 3,6 мың гектар, бақша дақылдары – 2 мың гектар. Инвестиция тартуға ерекше көңіл бөлінуде. Өткен алты айда өңірге 230,5 млрд теңге тартылған. Облыста құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жыл басынан бері 130,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген», - делінген хабарламада.

Бірінші жартыжылдықта облыста 11 773 жұмыс орны құрылды. Оның 7 242-сі тұрақты.

«Жұмыспен қамту органдарына жұмысқа орналасу үшін 12 282 адам жүгінген. Оның ішінде 6 512 адам жұмысқа орналастырылды. Ақылы қоғамдық жұмыстарға – 3 074 адам жіберілді», - делінген мәліметте.

Еске салсақ, өңір басшысы Нұрлан Ұранхаев Семейдегі Абай атындағы театрда тұрғындарға бір жылда жүргізілген жұмыстард мен жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы есеп берген еді.

Билік халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ниетті. Есепті кезеңде барлық ұйымдастырушылық сәттерді шешуге, тиісті құжаттаманы дайындауды бастауға, қысқа, орта және ұзақ мерзімді жоспарлауды қамтамасыз етуге барынша күш салынды.Қысқа мерзімде дамудың Кешенді жоспары қабылданды. Даму жоспарына объективті себептермен кірмеген жобаларды Премьер-Министр облысқа жұмыс сапары барысында қолдады.

Сондай-ақ осы айда Нұрлан Ұранхаев пен «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС басқарма төрағасы Кенбейіл Исаев әлеуметтік жобаларды іске асыру мәселелері бойынша өзара іс-қимыл меморандумына қол қойған еді.

Бұл да аймақтың дамуы мүмкіндіктерін арттыра түспек. Себебі меморандум өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы шеңберінде іске асырылатын болады.Аумақты абаттандыру қаланың инфрақұрылымдық дамуы тұрғысынан маңызды және өзекті мәселесі.