Абай облысында дәрігерлерге арналған сквер салынбақ

Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Абай облысында медицина қызметкерлеріне арналған сквер салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Семейдегі №1 емханаға барып, қызметкерлермен жүздесті.

Оңалту терапиясы, жедел медициналық көмек, балалар стоматологиясы бөлімдерінің жұмысымен және медициналық мекеменің амбулаториялық дәріхана қызметімен танысты.


«Емханада ауқымды медициналық қызмет көрсетуге арналған жабдықтар, 11 көлік бар. Зертхананың жұмысы үшін қажетті - 7 анализатор, стационарлық маммограф, флюорография, ультрадыбыстық аппараттары да сатып алынған. Сондай-ақ медициналық мекемеде денсаулық сақтау жүйесінің барлық инновациялық бағдарламалары, атап айтқанда, бала кездегі ауруларды интеграциялау, қауіпсіз ана атану, «Жас өмір» жастар денсаулық орталығы жұмыс істеп тұр», - деп хабарлады Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.


Нұрлан Ұранхаев емхана ұжымымен жиын өткізіп, медицина қызметкерлеріне арналған сквер салу бастамасын көтерді.

Бұл ақ халаттылардың пандемиямен күрес және қоғам денсаулығын қамтамасыз етудегі еңбегінің белгісі ретінде болмақ.

Айта кетейік, №1 емхана ғимараты 1977 жылы пайдалануға берілген.


Медициналық мекемеде 90-ге жуық дәрігер мен 189 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді.

Емхана 45 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді.