Абай облысында мемлекеттік мекемелерді орналастыруда қиындық жоқ – ШҚО әкімі

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жаңадан құрылатын Абай өңірінде басқармалар мен мемлекеттік ведомстволарды орналастыруда еш қиындық жоқтығын, бизнес өкілдерінің ғимараттар ұсынуға дайын екендігін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының әкімшілік-аумақтық шекаралары бекітілген. Жаңадан құрылатын Абай өңірінің ресурстары мен бюджеті бойынша жоспар толық дайын.

«Басқармалар мен мемлекеттік ведомстволарды орналастыруда еш қиындық жоқ. Семей қаласының коммуналдық меншігінде 13 мың шаршы метрден астам жер бар. Тағы 37 мың шарты метрді бизнес өкілдері ұсынуға дайын», - деді Даниал Ахметов.

Оның айтуынша, Семей қаласын дамытудың алдағы бес жылға арналған кешенді жоспары әзірленген. Бұл мақсатта 260 млрд теңге бөлінді.

«Абай облысының қарамағында екі ірі кәсіпорын - Ақтоғай және Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны болады. Үржар ауданында агросектор әлеуеті жақсы. Бұл болашақ аймақ бюджеті үшін жақсы кіріс екені сөзсіз», - деді Даниал Ахметов.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін әлеуметтік желілерде жаңадан құрылатын Абай облысының орталығына айналатын Семейдегі Геодезия және картография колледжінің ғимараты құқық қорғау органдарына берілетіндігі жайлы хабар тарап, көптің наразылығын тудырғанын хабарлаған едік .