Абай облысында мұқтаж азаматтарға көмек көрсететін арнайы комиссия құрылмақ

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысында көмекке мұқтаж азаматтарды қолдауға арналған арнайы комиссия құрылмақ. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған өңір әкімдігінің қаулысында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Комиссияның негізгі міндеті - жергілікті өкілді органдар бекітетін азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіздемелер тізбесіне сәйкес, азаматтардың әлеуметтік көмекке мұқтаждығын және өмірлік қиын жағдайлар туындаған кезде берілетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін айқындау. Сонмен қатар, әрбір жекелеген жағдайда әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсете отырып, әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығару болып табылады», - делінген құжатта.

Қаулыда көрсетілгендей, комиссия құрамына жергiлiктi атқарушы органдардың мүдделi құрылымдық бөлiмшелерiнің, ұйымдардың және қоғамдық бiрлестiктердiң қызметкерлерi енеді. Комиссия төрағадан, хатшыдан және комиссия мүшелерiнен құралады. Оның жалпы құрамы жетi адамнан кем болмауға тиiс.

Құжатты ашық талқылау 27 ақпанға дейін жалғасады.