Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға бүгін Үржар ауданында болған.
Белгілі болғандай, бір отбасы мүшелері Бестерек ауылдық округіндегі тауға серуенге шыққан. Барлығы 3 адам қалың қар мен боранның салдарынан қайта алмай қалған. Олар мүлде хабарсыз кеткендіктен таныстары құтқарушыларға хабар берді.
Хабар түсе салысымен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері мен «Тарбағатай» ұлттық паркінің мамандарынан құрылған арнайы құтқарушылар тобы іздеуге аттанды. Топтың жедел әрі бірлесе әрекет етуінің нәтижесінде жоғалған адамдар аман-есен табылды.
Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ.
Осы ретте, құтқарушылар ауа-райының қолайсыздығына орай өңір жұртшылығына алыс сапарға шықпауға, таулы жерлерге бармауға шақырады.