СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысы Бесқарағай ауданында жағалауда қараусыз қалған жасөспірім қыз суға батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға 5 маусым күні Бескарағай ауданындағы Стеклянка ауылында болған.
«Құтқарушыларға Ертіс өзенінде жасөспірімнің суға батып кеткені туралы хабар түсті.
Оқиға орнына құтқару бөлімшесінің қызметкерлері дереу шықты. Куәгерлердің айтуынша, 15 жастағы қыз өзеннің арнайы жабдықталмаған учаскесінде ересектердің қарауынсыз қалған. Шомылып жүрген ол кенет суға батып кеткен», - делінген ақпаратта.
2 сағат іздестіру шараларын жүргізген құтқарушылар судан қыздың денесін тауып, алып шықты.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.