Абай облысындағы Бесқарағай ауданында төтенше жағдай режимі алынып тасталды

Фото:
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысындағы Бесқарағай ауданында өртке байланысты жарияланған төтенше жағдай режимі алынып тасталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бегенев орманшылығында 14 шілдеде құрғақ шөп жанып, орман қорына қауіп төнген болатын. Соған орай, Бесқарағай ауданының әкімі Талғат Мұратовтың шешімімен төтенше жағдай жарияланған.

Орманшылар мен құтқарушылардың бірлескен іс-қимылының арқасында 26 шілде күні сағат 18:00-де 385 гектар алқапқа жайылған орман өрті толығымен сөндірілді.

«Семей Орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватынан ұсынған мәліметке сүйенсек, енді Бесқарағай ауданындағы төтенше жағдай режимі күшін жойды.

«Осыған байланысты азаматтарға ерекше қорғалатын «Семей Орманы» резерватының Бесқарағай ауданындағы табиғи аймағына және Шошқалы тұзды-балшық көліндегі демалыс орындарына баруға рұқсат етілді», - делінген ақпаратта.