Абай облысында алапат өрт салдарынан Бородулиха ауданындағы Талица, Половинки және Бұлақ ауылдарының тұрғындары эвакуацияланып, Семей қаласындағы колледж жатақханаларына уақытша орналастырылған.
«Бізді екі рет эвакуациялады. Алдымен 9 маусымда қатты түтіннің кесірінен ауылдан шығарып, педагогикалық колледжінің жатақханасына жеткізді. Келесі күні таңертең үйге қайттық. Бірақ бір сағат өткен жоқ, өрттен шыққан түтін ауылды қайтадан жауып тастады. Түнде қараңғы болды. Тағы да эвакуация жарияланды. Полицейлер үйлерді аралап, ешкім қалмас үшін әрқайсымызға ескерту жасады. Енді бізді электротехникалық колледждің жатақханасына орналастырды. Әр отбасына бөлме таңдау ұсынылды. Үлкен отбасыларға сәйкесінше кең бөлмелер ұсынылды. Күніне үш рет жақсы тамақтандырады», - дейді Талица ауылының тұрғыны Әсел Қадырбекова.
Эвакуацияланған 28 баланың арасында биоцентрге, қалалық мұражайларға және ойын-сауық орталықтарына тегін сапарлар ұйымдастырылды. Жатақханада екі ауысымда Семей теміржол ауруханасының дәрігерлері кезекшілік етіп, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуде.
«Кеше бәрімізді моншаға апарды, жуынуға қажетті заттар, сүлгілер берілді. Эвакуация кезінде үй аяқ киімімен шыққан зейнеткерге ыңғайлы аяқ киім әкелінді. Жалпы, киім, аяқ киім және басқа да қажетті заттар мол. Бізге қажет нәрсенің бәрі бар. Ол үшін облыс басшылығына, еріктілерге және барлық бей-жай қарамайтын адамдарға үлкен рахмет», - деді Талица ауылының тұрғыны Ирина Ширян.
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев эвакуациялық пункттерге барып, тұрғындардың қал-жағдайымен танысты. Сонымен қатар ауыл тұрғындарына өрттің қазіргі жағдайы туралы айтып берді.
«Елді мекендерге өрт қауіп төндірмейді. Сіздерді қатты түтін болғандықтан ғана эвакуациялауға тура келді. Өртпен күрес жалғасуда. Әрине, желдің екпіні жағдайды қиындатуда», - деді аймақ басшысы.
Бүгінгі таңда үш эвакуациялық пунктте 189 адам орналастырылған. Бұдан бөлек, Семейде 800 адамды қабылдауға мүмкіндік беретін 9 пункт жабдықталған.