СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысындағы орман аумағында шыққан өрт 20 гектарға жайылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өрт 21 маусымда сағат 18:45-те Бесқарағай ауданы Жетіжар ауылынан 30 шақырымдай жерде шыққан.
«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты Долон филиалының аумағында өрт болды. Шамамен 20 гектар аумақта шөп пен ағаш өртенуде. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ», - делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта тілсіз жаумен департаменттің 11 қызметкері, 30 орманшы мен 14 техника күресуде. Сондай-ақ Семей қаласынан 18 адам мен 4 өрт сөндіру көлігі көмекке келе жатыр.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.