Абай облысындағы өрттен қаза тапқандардың отбасыларына қандай көмек көрсетіліп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Үкіметі Абай облысындағы ірі өрттен қаза тапқандардың отбасыларына қандай көмек көрсетіліп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Фото: primeminister.kz

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Абай облысының әкімдігі уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Успен орман шаруашылығындағы ірі өртті сөндіру кезінде «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» РММ-нің қаза тапқан 14 қызметкерінің, сондай-ақ өртті сөндіруге қатысқан тракторшы Сергей Архиповтың отбасы мүшелерінің тізімін жасады.

Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес оларға келесідей әлеуметтік қолдау түрлері көрсетілуде:

Семей қаласында жиһазбен жабдықталған екі немесе үш бөлмелі (отбасы мүшелерінің санына қарай) пәтерлер берілді;

қаза тапқандар мен олардың отбасы мүшелерінің несие қарыздары өтеледі. Өтелетін қарыздардың жалпы мөлшері 36,2 млн теңгені құрайды (15 маусымдағы жағдай бойынша);

«Қазақстан халқына» қорынан әр отбасыға 7 млн теңгеден және кәмелеттік жасқа толмаған әр балаға 2 млн теңгеден материалдық көмек. Төлемдердің жалпы сомасы – 127 млн теңге (15 маусымдағы жағдай бойынша);

асыраушысынан айырылған отбасы мүшелеріне мемлекеттік бюджеттен ай сайынғы жәрдемақы;

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылу бойынша 18 жасқа дейінгі балаларға, ЖОО-да күндізгі оқу бөлімінде оқыса, оқуды аяқтағанға дейін, бірақ 23 жастан аспайтын балаларға ай сайынғы әлеуметтік төлем;

БЖЗҚ-дан жерлеу рәсімдері үшін біржолғы жәрдемақы;

жалпы білім беру қорынан мектеп жасындағы балаларға 500 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек, сондай-ақ керек-жарақтар (аяқ киім, форма) мен жазғы лагерьге жолдама;

жұмыс берушінің қаражаты есебінен ай сайынғы төлемдер (жалақы мөлшеріне байланысты);

ұжымдық шартқа сәйкес жұмыс берушінің есебінен біржолғы көмек.

Сонымен қатар «Қазақстан Халық банкі» АҚ әр отбасына 3 млн теңге көлемінде материалдық жәрдем береді, сондай-ақ басқа да коммерциялық ұйымдар көмек көрсетеді.

Оған қоса әкімдік «Ақ Ертіс» ҚҚ-мен бірлесіп, қаза тапқандардың отбасы мен зардап шеккендерге одан әрі көмек көрсету мақсатында қайырымдылық пен демеушілер қаражатын жинақтау үшін арнайы шот ашты.