Абай облысындағы өртті ауыздықтау кезінде қандай қателік кетті – ТЖМ ардагері

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мұның барлығы жұмысты дұрыс ұйымдастырмағаннан. Абай облысындағы алапат орман өртке қатысты пікір білдірген Төтенше жағдайлар министрлігі жанындағы Ардагерлер кеңесі Астана қалалық филиалының төрағасы Қанат Ешмұханбетұлы осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: instagram.com/glpr.semeyormany

«Орман шаруашылығының өрт сөндіру бөлімдерін Төтенше жағдайлар министрлігіне беру дұрыс емес. Ол үшін бірлескен жоспар болуы керек. Менің зейнетке шыққаныма 20 жылдай болып қалды. Біз кезінде тек өртті сөндіруге жұмылдырылдық. Ал, қазір жол апат, өрт, судағы іздестіру жұмыстары, өнеркәсіптік қауіпсіздік сияқты дүниелердің барлығы төтенше жағдайлар министрлігіне қарайды. Оның бәрін бір ведомствоға жүктеп қоюға болмайды. Сондықтан қандай да бір құзырет бермес бұрын, ол мәселені зерттеу қажет. Әуелде пиоттық негізде шаралар қабылдауға болады. Кейін оның нәтижесі жақсы болып жатса, онда тиісті функцияны беру шешімін қабылдау орынды деп есептеймін. Ал, дәл қазіргі уақытта оған ерте. Бүгінде қажетті өкілеттіктерді бере берсе, онда жұмыс нәтижелі болмайды», - деп пікір білдірді Қанат Ешмұханбетұлы.


Сонымен қатар ол Абай облысындағы өрт кезінде жұмыстың жүйелі ұйымдастырылмағанын атап өтті.

«Өрт басталған кезде аумақты тікұшақпен аралап шығу керек. Желдің епкіні мен бағытын білу қажет. Осы жұмыс дұрыс болмады деп ойлаймын. Өрт қай бағытқа өршіп барады, адамдарды қай жаққа жіберу керек? Осыны анықтап алмай, сөндіруге қызметкер жұмылдыру дұрыс емес. Енді болары болғаннан кейін, былай істеу қажет деген жөнді бола қоймас. Дегенмен адам шығыны болмайтындай етіп жолын қарастырған абзал болар еді. Негізі оқиға орнында жедел штаб құрып, тікұшақпен аралап, шұғыл шешім қабылдау қажет. Біздің халық сондай: бір жайт болмаса, қалай болса солай жүре береді. Былтыр ірі өрт Қостанайда болды. Биыл Абай облысында орын алып жатыр. Мұның барлығы жұмысты дұрыс ұйымдастырмағаннан», - деп тоқталды спикер тілші сауалына жауап бере отырып.


Бұған қоса, Қанат Ешмағанбетұлы орман шаруашылығындағы өрт қауіпсіздігін бақылау жұмыстарын күшейту орын деп пікір қосты. Оның айтуынша, тілсіз жаудың боларын күтпей, оның алдын алу жұмыстары жүйелі негізде жүргізіліп тұруы тиіс.

«Мен көбіне Кеңес кезінде қызмет еттім. Сонда өрт қауіпсіздігін бақылайтын, тексеретін арнайы орган болатын. Олар орманның маңайын жыртып, өрттің алдын алу шараларын қабылдауға міндеттейтін. Қазір жеке кәсіпкерлерді, бизнесті тексеруге тыйым салынған. Бұрын ондай шектеу болмады, тиісінше қадағалау қатты еді. Сондықтан өрт қауіпсіздігін бақылауды күшейту қажет. Мысалы, Еуропа елдерінде ормандағы өрт қауіпсіздігін бақылап отыратын орган бар. Бізге де осындай бастамаларды қолға алу керек. Жалғыз ТЖМ барып, барлығын өшіре салады деген болмайды. Мысалы, АҚШ, Австралияда орман өрті болып жатады. Дегенмен оларда нақты алогоритм бар», - деп сөзін түйіндеді төтенше жағдайлар саласының ардегері.

Қанат Ешмұханбетұлының сөзінше, өрт сөндіруге қажетті тікұшақтарды орманға жақын маңайға орналастыру да маңызды. Сонымен қатар, қандай да бір аймақта төтенше жағдай бола қалған кезеңге арнап, су алатын айдындарды белгілеп қою қажет.