Абай облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Бесқарағай ауданындағы қарағайлы орманмен қоршалған Шошқалы тұздыкөлінің туристік әлеуеті жоғары.
«Шипалы көл Бесқарағай ауданының солтүстік-батыс бөлігінде, аудан орталығынан 85 шақырым жерде «Семей Орманы» резерватының аумағында орналасқан. Өзінің емдік қасиеттерімен танымал көл бір-біріне жақын орналасқан шағын су қоймаларынан тұрады. Су қоймаларының барлығы тұзды болғанымен олардың құрамындағы тұз көрсеткіші әртүрлі. Бұл тоғандар емдік балшыққа да бай», - делінген ақпаратта.
«Семей Орманы» резерваты демалушыларға жағдай жасау мақсатында көл жағасында жағажайға құм төсеп, киім ауыстыруға арналған кабинкалар, жатар орындар, күннен қорғайтын нысандар орнатты. Сондай-ақ волейбол алаңы, жабдықталған ас әзірлеу аймағы, үш қоқыс контейнері қойылды. Көл жағасында 12 төсек-орынға арналған шағын қонақ үй бар.
«Жыл сайын көлге жақын облыстардан мыңнан астам адам келеді. Семей қаласынан демалыс күндері арнайы турлар ұйымдастырылады. Тур аясында қала және басқа аудандардың тұрғындары көлге автобустармен бара алады. 2024-2025 жылдары «Шошқалы» көлінде балшықпен емдейтін және демалыс аймағы бар шипажай салу жоспарланған», - делінген хабарламада.