«Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға инвестиция тарту көлемі 420 млрд теңге болды, ал ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру көлемі 473 млрд теңгеден асты. 340 мыңнан астам шаршы метр үйді пайдалануға берудің нәтижесінде 3 мыңнан астам отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Семей қаласының бюжеті өткен жылмен салыстырғанда 50 пайызға өсіп, 86 млрд теңгеге жетті. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары дайындалып, Үкімет қаулысымен бекітілді. Маңызды құжат 1,9 трлн теңге болатын 102 іс-шараны қамтиды», - деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Кешенді жоспар бойынша биыл өңірде 89,2 млрд теңгеге 46 жобаны іске асыру басталып кеткен.
«Бүгінгі таңда 46 іс-шараның екеуі орындалды (2,9 млрд теңге), қалғандары орындалу барысында. Біріншісі – Көкпекті ауданында «Елімай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1,5 мың га алаңда суару жүйелерін іске қосты. Екінші – Үржар ауданында «Мuhit Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тұрақты суару учаскесіне инфрақұрылым тартты. Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2028 жылға қарай жалпы аймақтық өнім көлемі 3,2 трлн теңгеге жетеді, өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,8 есеге ұлғайып, 2,2 трлн теңге болады», - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов.
Жаңа оқу жылынан бастап облыстың бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанады. 350 балабақшадағы көпбалалы отбасылардың 5 700 баласына осындай мүмкіндік беріледі. Осы санаттағы балалар қосымша білім беру ұйымдары, үйірме, секцияларға тегін барады. 600 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың қамқоршыларына жәрдемақы төлеуге 200 млн теңге қарастырылған. Оқушы орнының тапшылығын шешу мақсатында 2027 жылға дейін облыста 9 500 орындық 18 мектеп салынады. Атап айтқанда, Семейде 5 мектеп салу жоспарланған.
«Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 87 жаңа кабинет жабдықталады. Сондай-ақ, 11 ауылдың мектебіне автобус сатып алынады. Биыл 8 мектеп пен 1 балабақшаға күрделі жөндеу, 85 мектепке ағымдағы жөндеу жүргізіледі», - деді облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков.